kaz  rus     Негізгі бетке  Кері байланыс  Сайт картасы  
 
 

http://uvp.zhambyl.kz/


Сайттың бөлімдер
Банерлер

 

Акимат Жамбылской области 

лого Kazcontent.png

 

 

 

Интерактивті сауалдама
Сiз Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесi туралы қалай бiлдiңiз?
Теледидар арқылы
Радио арқылы
Газеттерден
Ғаламтордан
Достарымнан
Басқа

Толығырақ...>>>
ОҚУ, БІЛІМ – ОТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ!
18 Тамыз 2011 Жыл • • 149794 қарап шығу • түсіндірмелер 5

облыс білім саласы қызметкерлерінің Тамыз кеңесінде айтылған ой-пікір осыны айқындайды

Кеше білім саласы қызметкерлерінің облыстық Тамыз кеңесіне облыс басшылары, аудандар мен Тараз қаласының әкімдері, облыс әкімдігінің басқарма бастықтары, республикалық бағыныстағы департамент басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, аудандық, Тараз қалалық білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің, техникалық және кәсіптік оқу орындары мен мектептердің, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, ардагер ұстаздар, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. «Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбындағы өңір педагогтарының жиыны жұмысын облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген ашып, жүргізіп отырды.
Облыс әкімдігінің білім басқармасы бастығы Сұлушаш Құрманбекова баяндамасында ел Президенті Н. Ә. Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы мен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарға сараптама жасап, алға қойған мақсат-мұраттарды әңгіме өзегіне арқау етті.
Есепті кезеңде барлық білім беру ұйымдарында ұйымдастырылған іс-шаралар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналды. «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілсе, «Мектеп және келешек» тақырыбында барлық деңгейдегі әкімдер мектептерге барып, оқушылар алдында дәріс оқыды. 2011 жылғы мемлекеттік аралық бақылау қорытындысы бойынша 4 және 9-шы сыныптардың орташа балдары жоғарылап, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылар үлесі өткен жылғы 67,8 пайыздан 77,3 пайызға артты.
«Алтын белгі» орта білім туралы аттестаты (167-ден 234-ке) мен үздік аттестат алған (83-тен 113-ке) бітірушілер саны өсті. 18 мектептің орташа балы 100-ден жоғары болса, оның ішінде 2004 жылдан бері республикадағы 100 үздік мектептің қатарында жүрген Тараз қаласындағы №45 гимназия мен Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мектеп-интернатты айрықша атап өткен ләзім.
— Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – білім саласының ең басты бағыттарының бірі десек, 2010 жылдың мамыр айында қабылданған «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында облыста біршама жұмыстар атқарылды, — деді Сұлушаш Сәтбекқызы. — 2010 жылы облысқа берілген 6355 мемлекеттік тапсырысты 515 орынға артық орындай отырып, 6870 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып, жыл басымен салыстырғанда мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 33,5 пайыздан 44,4 пайызға өсті.
Баяндамашының айтуынша, оқушыларды жазғы демалыспен, ыстық тамақпен қамтамасыз ету, жағдайы төмен, аз қамтылған отбасы балаларын қолдау мақсатында жалпыға міндетті оқу қорының есебінен 2010 жылы 362 миллион теңге, 2011 жылы 480 миллион 659 мың теңге бөлінген.
С. Құрманбекова облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың өткен жылғы мұғалімдердің Тамыз кеңесінде білім сапасын көтеру тұрғысында берген тапсырмаларының орындалуы барысын мәлімдеді.
— Құрметті Қанат Алдабергенұлы! 1-ші тапсырмаңыз бойынша 2010 жылдың соңына дейін барлық білім бөлімдері жанынан орталықтандырылған бухгалтериялар құрылып, мектеп директорларының білім сапасына терең бақылау жасауына үлкен мүмкіндік берілді, — деді ол. — Өткен жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы үшін 47 білім мекемесінің басшысы, биыл 6 айда 21 білім мекемесінің басшысы тәртіптік шараға тартылды. Бірақ, аталған құқықбұзушылықтардың бәрі — 2010 жылғы орталықтандырылған бухгалтериялар құрылғанға дейінгі мекеме басшыларының Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу» Заңының талаптарын білмегендіктерінен орын алған.
2-ші тапсырмаңыз – педагог қызметкерлердің кәсіби дайындығының деңгейін зерттеу мақсатында арнайы тестілеу ережесін дайындап, мұғалімдерді тестілеуден өткізу еді. Бұл орайда, облыстық білім басқармасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының облыстық кеңесімен келісе отырып, арнайы ереже әзірлеп, ҰБТ қорытындысы бойынша төмен нәтиже көрсеткен 253 мектепте жоғары сыныптарға сабақ беретін 2594 мұғалімді тестілеуден өткізді. Оның 1043-і (40,2%) шекті деңгейді ала алмай, өз пәндері бойынша төмен білім деңгейін көрсетті. Педагогикалық кеңестің шешімімен 829 мұғалім (79,4%) кезектен тыс аттестацияға жіберіліп, олардың 667-сі (80,4%) ұлттық тестілеу орталығы өткізген аттестаттаудың 1-ші кезеңінен өте алмады. 244 мектептің 557 әкімшілік мүшелері: 226 мектеп директоры, 331 директордың орынбасары өз қызметтеріне дайындық деңгейлерін зерттеу мақсатында тренинг-тестілеуден өткізілді. Одан өтпеген мектеп басшыларына 2-ші рет тренинг-тестілеуден өтіп, өз білімдерін көрсетуге мүмкіндік берілді. Бұл тестілеу қорытындысы мектеп басшыларының білім саласын басқару мен бақылау саласында кәсіби білімдерінің төмендігін, яғни, мектеп басқаруға білім-біліктілік деңгейлерінің толық жетпейтіндігін көрсетті.
3-ші тапсырмаңыз — мектептердің білім беру қызметінің сапасын бақылау жөнінде арнайы ереже дайындап, білім басқармасы жанынан сараптамалық кеңес құрып, білім сапасы төмен мектептердің оқу-тәрбие процесін зерттеу еді, — деді
С. Құрманбекова облыс әкіміне баяндауын жалғастырып. — Бұл жөнінде 2011 жылдың 23 ақпанында облыс әкімдігінің №42 қаулысымен бекітілген «Облыс әкімінің облыс тұрғындары алдындағы есеп беруі кездесуі барысында айтылған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының» 21-тармағында «Облыс аумағында мектеп директорларының кәсіби деңгейін көтере отырып, білім сапасын арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдансын», деп ерекше тапсырма берген болатынсыз.
Осы тапсырманы орындау үшін облыстық кәсіподақ кеңесімен келісілген арнайы ереже негізінде 203 мектеп директорларының оқу-тәрбие үрдісін басқару, бақылау деңгейлері зерттелді. Зерттеуге қамтылған 144 мектептің директорлары мұғалімдердің сабақтарына талдау жасай алмайтындығы, оқыту әдістемесін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныс бере алмайтындығы анықталды.
Тексеруге қамтылған бірқатар мектептердің директорлары жоғары сыныптарға берілетін қосымша сағаттарды оқушы сұранысын ескермей, тек, кейбір мұғалімдердің апталық жүктемелерін толтыру үшін бергендерін, теориялық білімі төмен мұғалімдердің біліктілік санатын төмендету бойынша ешқандай жұмыс жүргізбегендігін, облыстық білім басқармасы өткізген тестілеуден қажетті балды жинай алмаған мұғалімдердің сабақтарына қатыспағандықтарын, ол мұғалімдерге әдістемелік көмектер көрсетілмегендігін, білім сапасына педагогикалық мониторинг жүргізбегендіктерін және басқа да олқылықтарды анықтап, облыстық сараптамалық кеңес отырысында 162 мектеп директорының атқарып отырған қызметіне қаншалықты лайықтылығын қарауға ұсыныс берді. Мысалы, Жамбыл ауданындағы Әйтиев, Исмаилов атындағы мектептердің директорлары 10-11-ші сыныптарда қосымша сағаттарды мақсатсыз берсе, Қордай ауданы №7, 27, 41 мектептің директорлары 11-ші сыныптарға «Фотошоп», хореография, «Стандартқа сай құжаттарды құру және рәсімдеу» курстарына сағаттар бөлген. Ал, Меркі ауданындағы №14 мектепте «Көлік физикасы», №34 мектепте «Транспорт физикасы», №18 мектепте «Цитология», тағы басқа курстар енгізілген. Байзақ ауданы Сухамбай атындағы орта мектептің директоры соңғы 4 жылда бірде-бір мұғалімнің сабағына қатыспаса, Қарасу орта мектебінің директоры сабаққа қатысу дәптерін жұбайына жаздырған. Сарысу ауданында М.Әуезов атындағы орта мектепте «Иманды ұл, инабатты қыз – елдің көркі» тақырыбымен бір рет өткізілетін тәрбие сабағына аптасына 1 сағат берілген. Осындай кемшіліктерге жол берген мектеп директорлары келесі оқу жылында да жұмыстарын жалғастыратын болса, білім сапасын кімнен сұрауға болады?
Баяндамашы: «Біліктілігі төмен директорлардың жұмыстарына білім бөлімдері терең баға бере алмай отыр, жергілікті әкімдер тарапынан оларға қолдау да жоқ емес. Жалпы, білім беру ұйымдарына басшылыққа біліктілік талаптарына сәйкес педагогикалық жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес педагог тағайындалуы керек. Кейбір аудандарда осындай талаптар ескерілмеген. Мысалы, Жуалы ауданы, Гайдар атындағы орта мектептің директоры Қ.Сыдығаливтың, Талас ауданындағы Талас негізгі мектебінің директоры Р.Айтуовтың педагогикалық өтілдері 2 жылдан ғана. Өткен жылғы тамыз кеңесінде мектеп директорлары өздерінің мамандықтары бойынша негізгі сабақтан беріп, үлгі көрсетудің орнына, түрлі үйірме, факультатив сабақтарын алғандығы жөнінде нақты мысалдар келтіріп, өткен оқу жылының басында арнайы хаттар жіберіп, 2011 жылдың 24 қаңтарындағы кеңейтілген алқа мәжілісінде осы жайтты қарағанымызбен, жергілікті білім бөлімдерінің қадағалауының төмендігінен аталған мәселе нақты шешімін таппай отыр. Министрлік бекіткен бағдарламаға сәйкес, «Жолда жүру ережесінен» сынып жетекшілері сабақ беруі тиіс деп, өткен жылы Тараз қаласындағы 2 мектептің, Мойынқұм ауданындағы 1 мектептің директорын сынаған болсақ, биылғы оқу жылында Байзақ ауданының С.Абыланов атындағы, Мойынқұм ауданының С.Сейфуллин атындағы мектептің директорлары «Жолда жүру ережесінен» сағат алған. Сондықтан, оқу жылының басында білім бөлімдерінің басшылары әрбір мектеп директорының негізгі пәндерден сабақ беруіне қатаң бақылау орнатып, білім басқармасына есеп берулері қажет», — деді.
Облыстық білім басқармасының бастығы білім беру жүйесін дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мұғалімнің біліктілігін арттыруына, оның имиджін көтеруге, материалдық ынталандыруға ерекше көңіл бөлінгенін еске салып өтті.
Иә, биыл 1-ші шілдеден бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысына 30 пайыз үстемеақының төленуі, бағдарламаға сәйкес, біліктіліктеріне қарай мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілеріне, өндірістік оқыту шеберлерінің базалық лауазымдық жалақысына қосымша ақының берілуі – ұстаздар қауымына жасалған нақты қамқорлық. Жыл ішінде «Педагог мәртебесін көтеру — білім сапасын арттырудың алғы шарттары» тақырыбында үздік мұғалімдердің облыстық форумы өткізілді. Онда үлгілі ұстаздар туралы көрме ұйымдастырылып, «Ардагер ұстаз», «Үздік педагог», «Жас маман» аталымдары бойынша лайықтылар анықталып, марапатталды. Облыс мектептерінде 21131 мұғалім еңбек етсе, соның 281-і (1,3%) зейнеткерлік жаста екендігін де ұмытпай, олардың орнын біртіндеп жас мамандармен ауыстыруға да баса назар аударылғаны жөн. Осы мәселеге білім бөлімдері жеткілікті көңіл бөлмей отыр. Мектептер жас маманға сұраныс бермейді. Сондықтан, мектепке орналасқан жас мамандар жолдамасыз келгендіктен, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасына сай тиісті жеңілдіктерді ала алмайды.
Білім бөлімдерінің мәліметтері бойынша, соңғы 3 жылда мектептерге 451 жас маман қабылданған.
Сонымен қатар, жоғары, орта-арнаулы оқу орындары дайындаған педагогтардың бірқатары теориялық білімдерінің төмендігінен сабақ бере алмай, басқа жұмыстарға ауыстырылған. Байзақ – 9, Жамбыл – 4, Жуалы – 5, Мойынқұм – 2. Олардың 9-ы ТарМПИ-ның, 3-і ТарМУ-ның, 2-і ЖГТУ-дің, 1-і Ясауи атындағы ХҚТУ-нің, 1-і Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінің, 2-і колледждің түлектері. «Сондықтан, мектептерге мұғалім дайындау мәселесінде жоғары оқу орындарының ойланатын кезі жетті, бізге тек білімді маман керек. Бүгінгі таңда мектеп директорларына жас маманды дипломына қарамай, біліміне қарап, тестілеуден, әңгімелесуден өткізіп қабылдау жөнінде тапсырма берілді.
— Биылғы Тамыз кеңесі «Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбына арналуы кездейсоқ емес. Ұлы педагог В.А.Сухомлинский «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін» деген. Педагогикалық әрекетте мектептің жалпы міндеттері көлемінің кеңдігіне қарамастан, ата-аналармен жұмыстың маңызы ерекше, — деп сөзін жалғады ол. — Отан деген ұғым – отбасынан басталатыны баршаға аян. Сондықтан, отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарды қайта жаңғырту – басым бағытқа айналуы тиіс. Бүгінгі таңда біздің алдымызда ата-аналар қоғамдастығының балаларды тәрбиелеудегі рөлін түбегейлі көтеру міндеті тұр. Бұл істе ақсақалдар, аналар, ардагерлер кеңестерінің тигізер пайдасы орасан.
Дәстүрлер мен құндылықтарға негізделген отбасылық үйлесімге қол жеткізу, балаларды адамгершілікке тәрбиелеу — аналар мен әкелердің бірлігінсіз мүмкін емес. Әсіресе, отбасылық тәрбиеде әкенің рөлін көтеру қажет. Өткен оқу жылында отбасылық тәрбиедегі әкенің орнын және баланың жеке тұлға болып қалыптасуындағы ата-аналардың ықпалын жан-жақты талқылау мақсатында «Отбасылық тәрбиедегі әкелердің орны» тақырыбында облыстық конференция өткізілді, бұл талқылауға түрлі сала өкілдері қатысты.
Бұдан кейін сөз кезегін алған Меркі ауданы, И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназияның директоры Гүлжан Тілеубердиева, Жуалы ауданы, Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназияның информатика пәнінің мұғалімі Динара Рахманбердиева, Тараз қаласындағы №40 гимназияның директоры Александр Гибнер, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры Бәтес Егембердиева өз оқу орындарының қол жеткізген жетістіктеріне қысқаша тоқталып, білім сапасын арттыру жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Ал, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Қадырбек Бөрібеков жиында білім берудегі техникалық және кәсіптік білімнің басты бағыттары жөнінде ой өрбітті.
– Бүгінде елімізде 891 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Онда 600 мыңнан астам жас білім алуда. Оның 235 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша, қалғандары өз қаражаттарымен оқуда. Алайда, бұл мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жайы әлі де болса ақсап келеді, – деді ол.
Кеңес жұмысында облыс әкімі Қанат Бозымбаев саладағы аса мән берілуге тиіс мәселелерге кеңірек тоқталды.
– Білім қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесінде қаралатын мәселе қашанда маңызды және қажетті. Білім беруді дамыту мәселесі қоғам мен мемлекетті өркендету саясаты болып табылады.Сондықтан, елімізде білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу жолында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа заманда жаңа технологиялар өмірге келіп, ғылым қарыштап дамыған кезде – оқу жүйесі жаңа ізденістермен жүйелі жұмыс істеуді талап етеді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында: «Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс», – деп атап көрсетті.
Бұл арада оқушы жастарға оқу-тәрбие беретін педагогтардың мәртебесі мен жауапкершілігі ерекше болуы керек. Білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мектеп біліміне тікелей байланысты болмақ. Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпайды, – деді Қанат Алдабергенұлы.
Биылғы Тамыз кеңесінің «Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбында өтуін орынды сынаған облыс әкімі: «Бала тәрбиесінде, әрине, отбасының атқаратын қызметін ештеңемен салыстыруға келмейді. Ата-ана мен бала, ұстаз бен шәкірт арасында тәрбие деп аталатын мораль заңы бар. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болса ғана, үлкен мақсаттарға жете алады.
«Педагогика» латын тілінен аударғанда «Баланы жетектеу» деген мағынаны білдіреді. Оң-солын, алды-артын танып білмеген жас балаларды жақсы нәрсеге үйрету –педагогтардың басты парызы», – деді.
Облыс басшысы биыл шілде айынан бастап мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға көтерілгенін, жоғары санаттағы мұғалімдерге төленетін төлемақы 1 қыркүйектен бастап тағы да өсетінін жеткізді.
– Баласының тағдырына әрбір ата-ана жауапты. Басқалай болуы мүмкін емес. Ата-аналар өз кезегінде мұғалімдерге дұрыс талап қоя білуі керек. Мұғалімдер болса, баланы жақсы оқытып, терең білім беруге міндетті. Біз мына жағдайды түсініп алуымыз керек – қалай десек те, жаңа қоғам тек білімді жастарға өмірлік жол ашады. Жалпы, облыста өткен оқу жылында білім саласында бірқатар табыстарға қол жеткіздік. Сонымен бірге, әлі де шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар.
Жыл сайын білім саласын қаржыландыру артып келеді. Биыл бұл саланы қаржыландыру 31 пайызға артып, 53 миллиард теңгені құрап отыр. Білім мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруға 3,2 миллиард теңге бөлінді. 2011 жылы 27 білім мекемесі күрделі жөндеуден, 159 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді.
Білім беру үрдісінде де бәсекелестік болуы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Биыл облыс тұрғындары көптен күткен «Мәдениет және өнер» колледжі ашылып, 80 грант бөлінді. Бұл жерде тек дарынды балалар білім алуы тиіс. Жақында жаңа үлгідегі ақпараттық технологиялық бағытта оқытатын заманауи IT колледжі ашылады. Мәселе өңірімізде ашылып жатқан колледждердің санында емес, сапалы білімде. Бізге білім мекемелерінде даярланған мамандардың еңбек нарығында сұранысқа ие болғаны және жұмыссыз қалмағаны керек.
Білім берудегі бәсекелестік дегенде, мектеп бітірушілердің орта білімін аттестаттайтын ұлттық бірыңғай тестілеу туралы айтпай кетуге болмас. Биыл ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинағандардың саны артты. Тестілеуде жақсы нәтиже көрсеткендердің ішінде ең жоғары 125 балл жинаған Мәлік Қарлығаш, білім көрсеткіші 124 ұпайды көрсеткен Балжан Әкімжанова, Мөлдір Бектұрсын мен Дана Қарағұлованы атап өтуге болады. Облыс бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 86,18 балды құрады. Өңіріміздегі білім мекемелерінің арасында 115,1 балл нәтиже көрсеткен – Тараздағы №45 классикалық гимназия. Бірақ, ҰБТ-ның қорытындысы бойынша бітіруші түлектердің білім көрсеткіштері Қазақстан тарихынан 2,1 пайызға, қазақ тілінен 2,9 пайызға, орыс тілінен 1,6 пайызға төмендеген. Бұл нені көрсетеді? ҰБТ-дағы тапсыру міндетті деп көрсетілген негізгі пәндерден сабақ беретін мұғалімдердің кәсіби біліктілігінің нашарлығын аңғартпайды ма?
Мәселенің мәнісін анықтау үшін талдау жүргізілгенде орыс тілі пәні мұғалімдерінің 17 пайызы, 1178 Қазақстан тарихы пәні мұғалімінің 35 пайызы жоғары оқу орнын сырттай тәмамдаған болып шықты. Бұл – жалпы облыс бойынша. Ал, жекелеген аудандарда жағдай мүлдем төмен. Байзақ пен Қордайда – 54, Шуда – 48, Таласта – 44 пайыз. Қазақ тілінен дәріс беретін облыстағы мұғалімдердің 37 пайызы: Сарысуда – 56, Байзақта –57, Сарысуда – 66 пайызы сырттай оқып, мамандық алған. Осы мәліметтерді тілге тиек еткен облыс әкімі «Мұғалім қазақ тілін жетік білмесе, оны қалай үйретеді? Бұған не айтуға болады? Мұғалімнің біліктілігі туралы айқын мысал керек болса, айта кетейін. Тараздағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алған жас маман қаладағы бір мектепке жұмысқа тұрады. Комиссия тексеруі кезінде әлгі мұғалім 5-сыныптың есептерін шығара алмаған. Мұндай мұғалімнің біздің балаларымызды оқытуға моральдық құқы бар ма? Қызыл дипломның құны қанша?», – деді.
Ертең ел тұтқасын ұстайды деп сенім білдірген жастарымызға тәрбие-білім беріп жатқан мектептердің жағдайын саралап өткен өңір басшысы Талас, Сарысу, Байзақ аудандарында 0,5 жүктемемен жұмыс істеп отырған ұстаздардың жайын сөз етті. Аптасына 2-3 сағатқа мектепке келетін мұғалімнің жауапкершілігі туралы айтудың өзі артық. Ол ұстаздан тәлім алған оқушылардың білімі сапалы боларына күмән көп. Тамыз кеңесінде Қанат Бозымбаевтың: «Мен барлық аудан әкімдері және аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшыларына мұндай тәжірибені тоқтатуды тапсырамын. Мұғалімдер толық жүктемемен жұмыс істеуі тиіс», – деп қадап айтуы да осыған байланысты екені анық.
Бүгінде облыстағы жалпы білім беретін 386 мектепте Дінтану курсы енгізілгені белгілі. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша оны тарих пәні мұғалімдері жүргізуі тиіс. Бірақ, кейбір аудандарда осы талап орындалмай отырған көрінеді. Қанат Алдабергенұлы: «Қордай ауданында №1 мектеп-гимназиясында 5 тарихшы маман бола тұра, Дінтану курсын археолог жүргізген. Бұл мектеп директорының жауапсыздығын көрсетеді. Дін мәселесіне келгенде өте мұқият болу қажет. Сондықтан, облыстық білім басқармасына Дінтану курсы тек, тарих пәні мұғалімдерінің, сауатты мамандардың жүргізуін қатаң қадағалауды тапсырамын», – деді.
Қазіргі кезде білім мекемелерінде жұмыс істейтін мұғалімдердің 54 пайызы – 40 жастан асқандар. Зейнет жасына жақындап қалғандардың үлесі өсу үстінде. Аға буынды алмастыратын жас толқынды тәрбиелеу мәселесі мектептерде кенжелеп қалған десек, артық айтқандық емес. Кадр резерві деген мәселені естен шығармауды ескерткен облыс басшысы биыл 111 жас мұғалімнің жұмысқа тартылғанын айтып өтті. Елімізде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша пәрменді жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен Қанат Бозымбаев жастарды ауылға тартуға шындап кірісіп, оларға қажетті жағдай жасамаса, ертең ауыл мектептері мұғалімсіз қалатынын алға тартты.
Былтыр Тамыз кеңесінде облыс әкімі мектеп директорлары және мұғалімдердің біліктілігін тексеру үшін арнайы тестілеу өткізуді тапсырған болатын. Өңір басшысының осы тапсырмасына сәйкес, жалпы тестілеу, тренинг-тестілеу өткізілген. Бірақ, нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Тестілеуге қатысқан 203 мектеп директорларының 162-сі сыннан сүрінген. Айтқанымыз дәйектірек болуы үшін облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың сөзінен үзінді келтірсек.
«Бұл бізді қатты таңғалдырды. Мектеп директорларының білімі төмен болса, олар кімге үлгі болады? Өйткені, олардың өздері сабақ бере алмайды ғой. Аудандық білім саласының басшылары тексеру жүргізбеген. Сонда барлығы «Бәрі жақсы, бәрі тамаша» деп отырған ба? Қордай, Мойынқұм, Шу аудандарында кейбір мектеп басшылары педагогика және психология негіздері бойынша 10 сұрақтың 2-уіне ғана жауап берген. Облыстық білім басқармасы қала, аудан әкімдеріне 162 директордың лауазымын қайта қарау туралы хат жолдаса да, нәтиже жоқ. Бұны қалай түсінуге болады?».
Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 162 мектеп басшысының 17-сі орнынан босатылып, 37-сі қатаң сөгіс, 44-і сөгіс алған, 45-сіне ескерту берілген. Нақты дәйектер келтірсек, облыстағы жалпы білім беретін мекемелер басшыларының 29,6 пайызы жоғары оқу орнын сырттай бітіріпті. Меркі ауданында мұндай басшылардың үлесі – 63,2 , Қордайда – 44, Байзақта – 38,6, Шуда – 35 пайызды құрайды. Осы жайларды қынжыла жеткізген Қанат Алдабергенұлы: «Біздің мақсатымыз – білікті мектеп басшыларының корпусын жасақтау. Себебі, мектептің жүрегі – директор болуы керек. Сонда ғана мектеп жақсы болады», – деді.
Мұғалімдердің білімін тестілеу арқылы тексеруді жалғастыру қажеттігін айтқан облыс әкімі облыстық білім басқармасының бастығы мен аудан басшыларының алдына бірнеше міндеттемелер қойды.
Облыс көлемінде мәдениет үйлері мен клубтар жөндеуден өткізіліп, шағын спорт алаңдары мен бокс залдары ашылып жатқанын, 34 мемлекеттік, 5 мемлекеттік емес ұйымдардың, 4 аула клубы, мектептердің жанында 96842 бала тартылған 5926 үйірме жұмыс істейтінін, спорт сарайының іргесі қаланғанын айта келіп, біріншіден, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін, алдымен, аула клубтары, спорт алаңдары секілді балалардың бос уақытын тиімді өткізетін орындарды көптеп ашуды тапсырды. Сондай-ақ, бала тәрбиесіне ата-ана мен мектеп арасындағы ықпалдастықтың рөлі басым екендігін қозғап, қаладағы мектептерде отбасылық жарыстар жиі ұйымдастырылатынын, бұл жұмыстардың ауылдарда жалғасын табуы керектігін, ата-аналар комитеті жауапкершілігін арттыруды, құқық қорғау органдарымен байланысты нығайтуды, әкімдіктер жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмысын жандандыруы қажет деп атап өтті.
«Ата-аналар өз балаларының сабағын қадағалай ма? Оқушылардың күнделіктерін әке-шешелері қарай ма? Мұның бәрі отбасы мен мектептің арасындағы байланыстың қандай екенін көрсетеді. Осыны назарда ұстау қажет. Жалпы, ауыл мектептерінің білім деңгейін шұғыл көтеретін іс-шараларды әзірлеуді аудан әкімдеріне тікелей тапсырамын. Аудан әкімдері мектептерді аралап, мұғалімдердің жай-күйінен хабардар болып отыруы тиіс. Бірақ, аудан басшыларының мектептерге баруға уақытысы жоқ. Тек, Байзақ ауданының әкімі Б. Құлекеев 45 рет, Қордай ауданының әкімі И. Тортаев 42 рет білім ордаларына бас сұғуға уақыт тапқан. Өзгелері осылардан үлгі алғандары жөн», – деді Қанат Бозымбаев.
«Ендігі бір айрықша назар аударатын маңызды мәселе – мемлекеттік тілді оқытудың сапасын арттыруда. Тілдерді қолдану мен дамытудың алдағы он жылға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы оқу орындарына үлкен міндеттер жүктеп отыр.
Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2020 жылы мектеп түлектерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін 100 пайызға жеткізуді атап көрсеткені белгілі. Сондықтан, білім берудің барлық жүйесінде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру басты назарда болуы қажет.Осы арада мына бір мәселені айта кеткіміз келеді. Жұрттың бәрі қазір компьютер қарайды, балалардың кітап оқуға уақыты жоқ деп жатамыз. Тіптен, олай емес. Кітап – үлкен қазына. Ақыл-ойдың бәрі де кітапта жазылады. Көркем әдебиетті оқымаса, баланың ой - санасы қалай дамиды? Сондықтан, мектепте «Көркем әдебиетті оқу күнін» өткізсе, қалай болар еді? Абайды, Мұхтар Әуезовті оқымаған адам, классикалық шығармаларға қызықпаған адам, біздіңше, толыққанды тұлға бола алмайды.
Барлық мектеп тиісті оқулықтармен қамтамасыз етілуі керек. Бұл мәселені қадағалауды облыстық білім басқармасына, аудандар және Тараз қаласы әкімдеріне тапсырамын.
Биыл – еліміз үшін тарихи жыл. Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Бұл жылдары туған еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын әрбір қазақстандық мақтаныш етуі тиіс. Біз жастарға патриоттық тәрбие беру жұмысын бірінші кезекке қоямыз. Егер әрбір жас адам өзінің ата-анасының Отанға адал қызмет етіп, ортақ игіліктер үшін жасап жатқан еңбегін көріп өсетін болса, нағыз тәрбие деп осыны айтамыз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған парасатты саясаты туған еліміздің өсіп-өркендеуіне әрдайым күш-қуат беретін болады. Отбасы – алтын бесік. Мектеп – білім ордасы. Ал, қоғамның болашағы білімі –терең, азаматтық позициясы – айқын, мәдениеті – жоғары жастарды тәрбиелеумен тікелей байланысты болмақ. Сондықтан, мұғалімдер мәртебесін көтеру үнемі басты назарда болуы керек», – деді облыс әкімі.
Кеңестің пленарлық мәжілісіне қатысушылар тарапынан түскен сауалдарға тиісінше жауаптар қайтарылды.
Жиын соңында облыс басшысы Қанат Алдабергенұлы білім беру саласындағы жемісті еңбегі және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар ұстазға облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды. Сонымен қатар, биыл облыстағы 460 мектептің білімі мен тәрбие сапасын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Нәтижесінде Меркі ауданындағы И. Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназияның ұжымы үздік деп танылып, облыс әкімі арнайы тағайындаған шағын автобусқа ие болды. Алғаш рет тағайындалған бұл сыйлық келесі жылы да жалғасын табады. Министрлік тарапынан «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталғандар да бар.

Лесбек САЙЛАУБЕК,
Ардақ ҮСЕЙІНОВА,
«Ақ жол».

Суретті түсірген Ағаділ РЫСМАХАН.

CopyToBlog Блокқа көшіріп жазу DiscussNews Түсіндірмелер Версия для печати Қағаз бетіне басып шағару нұсқасы
Жолан
(95.58.230.103)
Қанат Бозымбаевтың оқу білім саласндағы айтқан жетістіктер мен кемшіліктерге өте орынды тоқталған.Дегенмен жетістікке қарағанда кемшілік басым.Меркідегі директорлардың басқарушылығындағы кемшілікті айтпай ақ ,олардың кәсіби мамандықтарын жетік білмейтін ұстаздарға берер ештеңесі жоқ екенін хабарлағым келеді.Соңғы кезде директорлар бір орында 10 жылдай отырып қалды. Оларды әр 5 жылда ауыстырып отырса дұрыс болар еді.№17 мектеп директоры директор фонды дегенді құрып әр мұғалімнен 2000 теңгеден жинаған еді ол бұрында жинайтын еді.Жақында тексеру келіп тағы да істі жауып кетті. Мэлстің жегені желкесінен шығатын уақтысы болған сияқты.Жауапкершілігін қарауыңызды өтінемін.
Мұғалімдер атынан. Атымды өзгерттім айыпқа бұйырмассыз
2011-08-25 07:16:01
Жолан
(95.58.230.103)
Кешірерсіз №18 мектеп директоры Жұматаев туралы жаздым
2011-08-25 07:18:31
Мұғалімдер
(95.58.243.157)
Құрметті Қанат Бозымбаев, мырза!
Шілде айынан бастап мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға көтерген еді.
Тамыз айының айлығына бізге Елбасы айтқан 30 пайызды төлемеді.Елбасының Жамбыл облысындағы көзі ретінде, Сізге осыны хабарлағымыз келді. Көршілес Құлан ауданының ұстаздарына 30 пайызды төледі, бізде болса Елбасы талабын орындамай отыр.Меркі ауданы ұстаздары атынан.
2011-08-26 20:43:51
Қуаныш
(95.58.235.141)
Облысымыздың басы құрметті Қанат аға!
Жоғарыдағы Жолан деген азаматтың жазғанына түгелдей қосыламын.Біздің№18 мектептің директоры Жұматаев құнығып кетті. Бұрыннан жемқорлыққа бейім басшы шектен шығып кетті.Кісі қолымен көсеп үйренген Жұматаев осыдан бірнеше жыл бұрын завчты соттатқан еді. Бүгінде сол завучтар арқылы ақша жинау қарқын алып кетті. Мұғалімдерге қырқүйектен бастап әдет бойынша сағат сатады,директор фондына деп жинайды ең ақыры тартатын темекісі мұғалімдер есебінен.Жұматаевты басқа мектепке ауыстыруыңызды сұранамыз. Бүгін қадыр түні емес пе, бір Алла жар болсын сұранамыз сізден!
2011-08-27 00:00:41
Жанна
(95.58.253.9)
Кеш жарық! Салематсызба? Мен сіздерден өтінерім: Байзақ ауданындағы, Құмжота ауылының, Ы.Алтынсарин мектебіне шағым жасағым келіп отыр. Сонда директор орынбасарын атқарып жүрген, Шалова Нағима, мұғалімдерге тыныштық бермейді.Жалпы мұғалімдер сабағын жақсы өткізеді, бірақ осы мұғалімдерге тыныштық бермейді. Біз білеміз оның неге бұлай істейтінін.Яғни бұл өмірде жоғарыдағыларға ақша берсен жағасын, ақша бермесен жақпайсын. Сіздерден өтініш Шалова Нағиманың өзінің өткізген сабағына қатысып,көрулеріңізді сұраймын. Тек барлығы бұл өмірде адал болғанын қалаймын. Үлкен рахмет!!!
2012-02-07 21:28:49
Добавить реплику
Имя (ник)*
Email
Сообщение*
Секретный Код:
Внимание! Реплики, не имеющие отношения к материалу, реплики, содержащие нецензурные выражения, а так же реплики, рекламного характера, призывающие посетить тот или иной ресурс в сети, удаляются модератором без объяснения причин
ҚОҒАМ
Қытай бизнесі сомасы 300 млн. доллардан асатын жобаларға қатысуға ниетті - әкім К. Көкірекбаев
26 Мамыр 2014 Жыл • • 271343 қарап шығу • түсіндірмелер 0
ҚОҒАМ
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен Жуалы ауданында болды
22 Мамыр 2014 Жыл • • 317872 қарап шығу • түсіндірмелер 0
ҚОҒАМ
Жылыту маусымының қорытындысы алқа мәжілісінде қаралды
27 Наурыз 2014 Жыл • • 388919 қарап шығу • түсіндірмелер 0
ҚОҒАМ
Оқушылар тағы жеңіске жетті
27 Наурыз 2014 Жыл • • 393706 қарап шығу • түсіндірмелер 0
ҚОҒАМ
Өңірдегі оқу орындарында болды
5 Ақпан 2014 Жыл • • 528426 қарап шығу • түсіндірмелер 0
Оқиғалар күнтізбесі

ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
Сайттың беттері

Мемлекеттік рәміздер

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі

Счетчик